Аймақтар • 02 Маусым, 2017

«Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ  банкі» АҚ-ның төрайымы Солтүстік Қазақстанда болды

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында 13 мыңнан астам адам баспана алу кезегінде тұр. Соңғы төрт жылдың ішінде 955 пәтер пайдалануға берілсе, биыл  “Нұрлы жер” бағдарламасы шеңберінде 1003 пәтерлік 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

«Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ  банкі» АҚ-ның төрайымы Солтүстік Қазақстанда болды

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен  “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасының жергілікті жерде  жүзеге асырылуы барысын талқылаған отырысқа  «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты.

Басқосуда  Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов есеп беріп, “Солнечный” шағынауданында 200 үй салу бой көтеретінін жеткізді. 8200 адам өтініш беріп, 500 жер телімі  иелерін тапқан. Әр үйдің бір шаршы метрінің құны 100 мың теңге мөлшерінде. Инфрақұрылым тартуға бюджеттен 1,3 миллиард. теңге бөлінген.

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мемлекеттік бағдарлама аясында  жеке тұрғын үй салу, ипотека, жалға берілетін үй, жер телімдерін алу және тағы басқа көптеген жеңілдіктер мәселелерін ортаға салды. .

«Бүгінгі таңда 26 мың солтүстікқазақстандық банкте есепшот ашып, 12 миллиард теңге жинаған.  Алайда,  барлық салымшылардың 2,5 мыңы ғана баспана қаржысының 50 пайызын жинақтаған. Яғни, тек әр оныншы салымшы ғана баспанаға қол жеткізген», деді Ләззат Еркенқызы.

Жиында тұрғындардың бағдарламаға қызығушылығын арттыру үшін  ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, үйдің шаршы метріне шаққандағы бағасын арзандату мүмкіндіктері і сөз болды. Банк төрайымының айтуынша, “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар үшін алғашқы салым көлемі 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетілген. Ендігі кезекте банк оны 15 пайызға дейін азайтуды  қарастырып отыр.

Құмар Ақсақалов аталмыш банктың салымшысы ретінде баспана алу халық үшін ең тиімді жол болып тұрғанын, ортақ іске бірлесе отырып жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті.

Кездесу барысында  облыстық әкімдік пен “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.

Өмір Есқали,

Солтүстік Қазақстан облысы.